"Кешірім сұрау - бақыттың баспалдағы" тренинг
Өмірде кез - келген адамға үлкенге де, кішіге де кешірім сұрауға тура келіп жатады. "Кешірім сұрай білу - кісілік", - дейді заманымыздың заңғар жазушысы Ш. Айтматов. "Кешірім сұрап келсе, әкеңнің құны болса да кеш", — дейді халық мақалы. Осы сөздердің астарында - қарапайымдылық, ұлылық жатыр емес пе? Әкенің ұлынан, шешенің қызынан, әкімнің халқынан, үлкеннің кішіден, кішінің үлкеннен, жігіттің қыздан, кешірім сұраудың өзіндік ерекшеліктері бар, бірақ олардың ортақ бір жайы — кешірім сұрай білуі, яғни қарапайым, мәдениетті бола білуі. "Кешірім сұрау — бақыттың баспалдағы" — деген Мұхтар Шахановтың сөзі жоғарыдағы ойлардың жалғасы іспеттес. Осы орайда өзін –өзі басқару ұйымының жұмыс жоспарына сәйкес 2025 жылдың 9- сәуір күні жоғары сынып оқушыларына «Кешірім сұрау-бақыттың баспалдағы» тақырыбында тренинг жүргізілді.
Тренингтің мақсаты: Кешірімділіктің дұрыс әрекет екендігін ұғындыру,
кешіре білу қасиеттерін дамыту,мейірімділік, ақылдылық, рақымшылдық, адамгершілік қасиеттерін көрсете білуге, жақсылық жасауға тәрбиелеу.
Тренингті педагог-ұйымдастырушы Г.Нусипбаева мен педагог-психолог Э.Керимбекова жүргізді. Тренинг барысында оқушыларға төмендегідей жұмыстар мен жаттығулар жүргізілді:
Топтық талқылау:«Кешірім сұрау сіз үшін не білдіреді?» деген сұраққа әр қатысушы 2-3 минут ішінде жауап берді. Педагог-психолог бірнеше қатысушының жауабын тыңдап, өз ойын қорытты.
Жаттығу – «Өзіңізді кешіру».Әр оқушыға бір парақ қағаз бен қалам берілді. Олар өздерінің өткен қателіктері мен өкініштерін жазып, сол қателіктерді кешірді. Жаттығу соңында қатысушылар осы қағазды бір минут ішінде өздері оқып шығып, өздерін кешіру процесін бастады.
Медитация -оқушылар көздерін жауып, тыныс алу жаттығуларын жасады. Г.Нусипбаева тыныс алу арқылы кешірім сұраудың күшін сезіну үшін бағыттады. Бұл жаттығу адамды тыныштандырып, кешірімділікке деген ашықтықты арттырды.
Кешірім сұрау дағдыларын дамыту .Педагог-психолог Э.Керимбекова
кешірім сұраудың әдіс-тәсілдері туралы айтып, дұрыс сөздер мен әрекеттердің маңызы түсіндірді. Педагог адамға кешірім сұрау кезінде қандай қорқыныштар мен кедергілер туындайтыны, оларды қалай жеңуге болатындығы жайлы кеңестер берді.
Практикалық жаттығу – «Кешірім сұрау сценарийі». Оқушылар жұптасып, бір-біріне кешірім сұрау туралы қысқаша рөлдік ойын жасады. Бір адам өкініш пен қателігін айтып, кешірім сұраса, екіншісі оны қабылдады. Бұл жаттығу арқылы оқушылар өздеріне қажетті сөздерді табуды және кешірімділік процесін сезінуді үйренді.
