Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк жастар саясаты туралы Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 7 шiлдедегi N 581 Заңы "Егемен Қазақстан" 2004 жылғы 14 шiлде N 176. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2004 ж., N 16, 95-құжат » Жетісу облысы Көксу ауданы Алғабас орта мектебі
Жетісу облысы
Көксу ауданы білім бөлімінің
"Алғабас орта мектебі"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі :
+7(72) 43-50-93
Есепші бөлімі:
+7(72) 23-11-37
Нашар көрушілер
нұсқасы
» » Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк жастар саясаты туралы Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 7 шiлдедегi N 581 Заңы "Егемен Қазақстан" 2004 жылғы 14 шiлде N 176. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2004 ж., N 16, 95-құжат
01
июнь
2022

Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк жастар саясаты туралы Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 7 шiлдедегi N 581 Заңы "Егемен Қазақстан" 2004 жылғы 14 шiлде N 176. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2004 ж., N 16, 95-құжат

Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк жастар саясаты туралы

Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 7 шiлдедегi N 581 Заңы


"Егемен Қазақстан" 2004 жылғы 14 шiлде N 176. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2004 ж., N 16, 95-құжат


МАЗМҰНЫ

      Осы Заң Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк жастар саясатын қалыптастыру мен iске асырудың құқықтық негiздерiн анықтайды.

1-тарау. Жалпы ережелер

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
       1) жастар - Қазақстан Республикасының он төрт жастан жиырма тоғыз жасқа дейiнгi азаматтары;
       2) жас отбасы - ерлi-зайыптылардың екеуi де жиырма тоғыз жасқа толмаған отбасы не жиырма тоғыз жасқа толмаған ата-ананың бiреуi, соның iшiнде ажырасқан, тұл қалған еркек (жесiр әйел) балаларды (баланы) тәрбиелейтiн толық емес отбасы;
       3) мемлекеттiк жастар саясаты - мемлекет жүзеге асыратын және жастарды қолдауға бағытталған әлеуметтiк-экономикалық, саяси, ұйымдастырушылық және құқықтық шаралар жүйесi;
       4) жастарға арналған әлеуметтiк инфрақұрылым - жастар  тiршiлiгiн қамтамасыз ету үшiн қажеттi объектiлер (үйлер, құрылыстар, ғимараттар), сондай-ақ жастардың денсаулығын сақтау, оларға бiлiм беру, оларды тәрбиелеу, әлеуметтiк бейiмдеу, дене тәрбиесi, рухани және имандылық жағынан дамыту, жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын ұйымдар жүйесi;
       5) жастарға арналған әлеуметтiк қызметтер - жастарға медициналық, психологиялық-педагогикалық, құқықтық қызметтер мен материалдық көмек көрсету, олардың әлеуметтiк бейiмделуiне және оңалуына жәрдемдесу жөнiндегi ic-шараларды жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйымдар;
       6) жастар ұйымы - негiзгi мақсаты әлеуметтiк, мәдени, бiлiм беру мiндеттерiн және жастардың құқықтарын, заңды мүдделерiн қорғауға бағытталған өзге де мiндеттердi шешу, рухани және өзге де қажеттiлiктерiн қанағаттандыру болып табылатын, мүшелерi (қатысушылары) жастар өкiлдерi болып табылатын заңды тұлғалар қауымдастығы (одағы), қор, сондай-ақ қоғамдық бiрлестiк нысанында құрылған коммерциялық емес, мемлекеттiк емес ұйым;
       7) жастар саясаты мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) - берiлген өкiлеттiктер шегiнде мемлекеттiк жастар саясатын үйлестiрудi және iске асыруды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

2-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк жастар саясаты туралы заңдары

      1. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк жастар саясаты туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
       2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

3-бап. Мемлекеттiк жастар саясатының мақсаттары, мiндеттерi және принциптерi

      1. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк жастар саясаты жастардың рухани, мәдени, бiлiм алуы, кәсiби қалыптасуы мен дене тәрбиесiн дамытуы үшiн әлеуметтiк-экономикалық, құқықтық, ұйымдастырушылық жағдайлар мен кепiлдiктер жасау, бүкiл қоғам мүддесi үшiн олардың шығармашылық әлеуетiн ашу мақсатында жүзеге асырылады.
       2. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк жастар саясатының мiндеттерi:
       1) жастардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау;
       2) жастарға көмек беру және әлеуметтiк қызметтер көрсету; 
       3) жастардың әлеуметтiк маңызды бастамаларын iске асыру болып табылады.
       3. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк жастар саясаты:
       1) ерекше әлеуметтiк-демографиялық топ ретiнде жастардың мүдделерi мен қажеттiлiктерiн тану;
       2) Қазақстан Республикасының тарихи және мәдени құндылықтарының басымдылығы;
       3) тән саулығын сақтау және нығайту;
       4) адамгершiлiк және рухани даму;
       5) қазақстандық патриотизмдi қалыптастыру;
       6) азаматтықты қалыптастыру;
       7) жастардың құқықтары мен бостандықтарын iске асыру;
       8) жастардың проблемаларын шешудегi жүйелiлiк пен кешендiлiк;
       9) мемлекеттiк жастар саясатын қалыптастыру мeн iскe acыруға жастардың тiкелей қатысуы принциптерiне негiзделедi.

4-бап. Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының  мемлекеттiк жастар саясатын iске асыру жөнiндегi   құзыретi

      1. Қазақстан Республикасының Үкiметi:
       1) мемлекеттiк жастар саясатын әзiрлейдi;
       2) мемлекеттiк жастар саясаты саласындағы бағдарламаларды бeкiтедi және оларды iске асыруды қамтамасыз етедi;
       3) уәкiлеттi органның функцияларын, өкiлеттiгi мен құрылымын бекiтедi;,
       4) мемлекеттiк жастар саясаты саласында нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдайды;
       5) мемлекеттiк жастар саясатын iске асыру жөнiндегi консультациялық-кеңесшi органын құрады.
       2. Уәкiлеттi орган:
       1) мемлекеттiк жастар саясатын iске асырады;
       2) Қазақстан Республикасының орталық және жергiлiктi атқарушы органдарының мемлекеттiк жастар саясаты саласындағы қызметiн үйлестiредi;
       3) мемлекеттiк жастар саясатын iске асыру жөнiндегi бағдарламаларды әзiрлеп, Қазақстан Республикасының Үкiметiне бекiтуге енгiзедi;
       4) мемлекеттiк жастар саясаты саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлейдi;
       5) өз құзыретi шегiнде мемлекеттiк жастар саясаты саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
       6) мемлекеттiк жастар саясатын iске асыру жөнiндегi қызметтi ақпараттық және ғылыми қамтамасыз етудi ұйымдастырады;
       7) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанындағы мемлекеттiк жастар саясатын iске асыру жөнiндегi консультациялық-кеңесшi органының қызметiн ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етудi жүзeге асырады.
       3. Өзге орталық атқарушы органдар өз құзыретi шегiнде:
       1) мемлекеттiк жастар саясатын iске асыруды қамтамасыз етедi;
       2) мемлекеттiк жастар саясаты саласындағы бағдарламаларды әзiрлейдi және iске асырады;
       3) мемлекеттiк жастар саясаты саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлейдi.
       4. Жергiлiктi өкiлдi атқарушы органдар өз құзыретi шегiнде:
       1) жастар саясатының өңiрлiк бағдарламаларын бекiтедi;
       2) жергiлiктi атқарушы органдар мен ұйымдар басшыларының мемлекеттiк жастар саясатын iске асырудың жай-күйi туралы есептерiн тыңдайды.
       5. Жергiлiктi атқарушы органдар өз құзыретi шегiнде:
       1) өңiрлерде мемлекеттiк жастар саясатын iске асыруды қамтамасыз етедi;
       2) жастар саясатының өңiрлiк бағдарламаларын әзiрлеп, iске асырады және оларды қаржылай қамтамасыз етудi жүзеге асырады;
       3) өңiрлерде мемлекеттiк жастар саясатын iске асыру жөнiндегi консультациялық-кеңесшi органдарын құрады және олардың қызметiн қамтамасыз етедi.

2-тарау. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк жастар саясатының негiзгi бағыттары

5-бап. Мемлекеттiк жастар саясатының негiзгi бағыттары

      Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк жастар саясатының негiзгi бағыттары:
       1) жастардың құқықтары мен бостандықтарын сақтауды қамтамасыз ету;
       2) жастар еңбегi мен олардың жұмыспен қамтылуы саласындағы кепiлдiктердi қамтамасыз ету;
       3) жастардың кәсiпкерлiк қызметiне жәрдемдесу;
       4) жас отбасыларын мемлекеттiк қолдау;
       5) жастардың тегiн негiзгi орта, жалпы орта бiлiм алуына консультациялық құқығын iске асыру үшiн жағдай жасауды қамтамасыз ету;
       6) жастарды тәрбиелеу және оларға жан-жақты бiлiм беру үшiн жағдай жасауды қамтамасыз ету;
       7) балалар үйлерiнiң мүгедек және тәрбиеленушi жастарының құқықтары мен әлеуметтiк қорғалу кепiлдiктерiн қамтамасыз ету;
       8) жастардың патриоттық және азаматтық тұрғыда қалыптасуы үшiн жағдай жасауды қамтамасыз ету;
       9) жастардың бойында ұлттық мәдениет пен тiлдi дамыту үшiн жағдай жасауды қамтамасыз ету;
       10) жастардың денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету, олардың салауатты өмiр салтын қалыптастыру;
       11) әлеуметтiк қолдауға мұқтаж жастарға әлеуметтiк көмектi қамтамасыз ету;
       12) жастардың мәдени бос уақыты мен демалысы үшiн жағдай жасауды қамтамасыз ету;
       13) талантты жастарды мемлекеттiк қолдау;
       14) жастар саясатын жүзеге асыру жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың коммерциялық емес жастар ұйымдарымен ынтымақтастығы;
       15) жастардың халықаралық ынтымақтастығына жәрдемдесу болып табылады.
Ескерту. 5-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2007.07.27. N 320 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.

6-бап. Жастардың әлеуметтiк құқықтары

      Қазақстан Республикасында жастардың:
       1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттiк медициналық мекемелерде тегiн медициналық қызмет көрсетiлуiне;
       2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттiк оқу орындарында тегiн негiзгi орта, жалпы орта бiлiм алуға, сондай-ақ мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысы негiзiнде техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi, жоғары бiлiм алуға;
       3) жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдарының шешiмi бойынша жеңiлдiктi жағдайларда мемлекеттiк спорттық-сауықтыру және мәдени-ағарту ұйымдарына баруға;
       4) жергiлiктi өкiлдi органдардың шешiмi бойынша бiлiм беру ұйымдарының күндiзгi оқу нысанында оқитындар мен тәрбиеленушiлер үшiн қоғамдық көлiкте (таксиден басқа) жеңiлдiкпен жүруге;
       5) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, жастар арасынан орта бiлiмнен кейiнгi және жоғары бiлiм беру ұйымдарында мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысы негiзiнде оқитындар үшiн қалааралық темiр жол және автомобиль көлiгiнде (таксиден басқа) қысқы және жазғы каникулдар кезеңiнде жеңiлдiкпен жүруге;
       6) құқықтық, психологиялық, педагогикалық мәселелер, сондай-ақ отбасылық және жыныстық тәрбие мәселелерi бойынша консультациялар түрiнде әлеуметтiк қызмет көрсетулердi; мүгедектердi, әскери қызметтен босатылған әскери қызметшiлердi, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, мiнез-құлқы девиантты кәмелетке толмаған адамдарға арналған арнаулы тәрбиелеу мекемелерiнен оралған адамдарды, нашақорлық, уытқұмарлық, маскүнемдiк дертiнен емделуден өткен адамдарды, адамның иммунитет тапшылығы вирусын жұқтырған және ЖҚТБ-мен ауыратын адамдарды оңалту жөнiндегi қызмет көрсетулердi тұтынуға;
       7) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттiк атаулы әлеуметтiк көмек алуға;
       8) бiлiм беру ұйымдарында мемлекеттiк бiлiм гранты бойынша оқитындар үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мөлшерде және тәртiппен ай сайынғы мемлекеттiк стипендия алуға;
       9) оқитындардың жоғары оқу орындарында оқу кезеңiнде Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен кәсiби бiлiм ақысын төлеу үшiн және тамаққа, тұруға және оқу әдебиетiн сатып алуға жұмсалатын шығындарды iшiнара өтеуге бiлiм беру грантын алуға әлеуметтiк құқықтары бар;
       10) ауыл (село) жастары арасынан шыққан азаматтар үшiн техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi және жоғары бiлiм беретiн кәсiптiк оқу бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарына ауылдың (селоның) әлеуметтiк-экономикалық дамуын айқындайтын мамандықтар бойынша оқуға түскен кезде Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын мөлшерде қабылдау квотасы көзделедi.
Ескерту. 6-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2007.07.27. N 320 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн  2-баптан қараңыз) Заңымен.

7-бап. Жастардың саяси құқықтары мен бостандықтары

      Қазақстан Республикасының жастары Қазақстан Республикасының Конституциясында және басқа да заң актiлерiнде көзделген барлық саяси құқықтарға және бостандықтарға ие болады.

8-бап. Жастардың еңбек және жұмыспен қамту саласындағы  кепiлдiктерi, олардың тұрғын үй проблемаларын шешуге жәрдемдесу

      1. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк жастар саясаты еңбек және жұмыспен қамту саласында:
       1) жастарға арналған қоғамдық жұмыстарды дамыту;
       2) жастарды жұмыспен қамту бағдарламаларын әзiрлеу және iске асыру;
       3) жастарға арналған жұмыс орындарын құратын шаруашылық субъектiлерiнiң қызметiн ұйымдастырушылық жағынан қолдау;
       4) Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңдарына сәйкес жастардың еңбек бiрлестiктерiн құру және қызметiн ұйымдастыру, соның iшiнде оқу орындарының базасында құру және қызметiн ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылады.
       2. Қазақстан Республикасының жастарына:
       1) жұмысқа орналасуға, кәсiби даярлануға, бiлiктiлiгiн арттыруға жәрдемдесуге;
       2) мемлекеттiк ұйымдарда немесе жарғылық капиталында мемлекеттiң үлесi елу проценттен асатын ұйымдарда жұмыс орнын беруге жәрдемдесуге;
       3) мүгедек жас адамдар үшiн жоғары оқу орындарында оқу, қайта даярлау және тағылымдамадан өту бағдарламаларына, соның iшiнде дистанциялық оқыту арқылы қол жеткiзуiн қамтамасыз етуде жәрдемдесуге кепiлдiктер берiледi.
       3. Жастардың тұрғын үй проблемаларын шешу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

9-бап. Жастар жүзеге асыратын кәсiпкерлiк қызметтi   мемлекеттiк қолдау

      1. Жастар жүзеге асыратын кәсiпкерлiк қызметке байланысты қатынастар Қазақстан Республикасының заңдарымен және осы Заңмен реттеледi.
       2. Қазақстан Республикасы жастардың кәсiпкерлiк қызметiн әлеуметтiк-экономикалық, ұйымдастырушылық және құқықтық қолдау жөнiндегi шаралар жүйесiн белгiлейдi.
       3. Қазақстан Республикасының аумағында кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын және жастар саясаты саласындағы мемлекеттiк қолдауды пайдаланатын тұлғаларға:
       1) заңды тұлға құрмай-ақ кәсiпкерлiк қызметпен айналысатын жастар;
       2) жастар ұйымдастырған шаруа (фермер) қожалықтары;
       3) қызметкерлерiнiң жалпы санының кемiнде жетпiс процентiн өздерiнiң құрылтайшылары болып табылатын жастар құрайтын ұйымдар жатады.
       4. Жастардың кәсiпкерлiк қызметiн мемлекеттiк қолдау:
       1) техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi, жоғары, жоғары оқу орнынан кейiнгi және қосымша бiлiм берудiң кәсiптiк оқу бағдарламаларын iске асыратын оқу орындарының оқу-өндiрiстiк базасында жастардың кәсiпкерлiк қызметiн ұйымдастыруға Қазақстан Республикасының орталық және жергiлiктi атқарушы органдарының жәрдемдесуi;
       2) жастар арасындағы халықтың әлеуметтiк жағынан қорғалмаған топтарын кәсiпкерлiк қызметке тарту;
       3) жастарға кәсiпкерлiк қызмет негiздерiн оқыту, шарт негiзiнде оқу орындары мен жұмыс берушiлер арасындағы ынтымақтастықты дамыту;
       4) жастар кәсiпкерлiгiн қолдаудың өңiрлiк бағдарламаларын әзiрлеу;
       5) белгiлi бiр жұмыстарды (қызмет көрсетулердi) орындауға келiсiмдер жасасу мақсатында мемлекеттiк органдардың осы баптың 3-тармағында аталған тұлғалармен ынтымақтастығы арқылы жүзеге асырылады.
       5. Мемлекет жастардың өнеркәсiп пен ауыл шаруашылығының, ғылым мен техниканың, мәдениет пен өнердiң, бiлiм берудiң, денсаулық сақтаудың түрлi салаларында жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ халыққа әлеуметтiк қызмет көрсетуге жәрдемдесетiн кәсiпкерлердi көтермелейдi.
Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2007.07.27. N 320 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн  2-баптан қараңыз) Заңымен.

10-бап. Жас отбасыларды мемлекеттiк қолдау

      1. Жас отбасыларды мемлекеттiк қолдау мақсатында орталық және  жергiлiктi мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен салалық және өңiрлiк бағдарламаларды әзiрлейдi, бекiтедi, icкe асырады.
       Жас отбасыларын мемлекеттiк қолдау саласындағы салалық және өңiрлiк бағдарламаларды қалыптастыру мен iске асыру жас отбасыларына қатысты мемлекеттiк қолдау шаралары белгiленетiн олардың әлеуметтiк қажеттiлiктерiн талдау негiзiнде Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық даму болжамына сәйкес жүзеге асырылады.
       Аталған шаралар жас отбасыларына әлеуметтiк-экономикалық проблемаларды шешуде материалдық және өзге де көмек көрсетуге, тиiстi бiлiм бepу, медициналық, құқықтық, психологиялық-педагогикалық, ақпараттық, консультациялық, соның iшiнде балалардың денсаулығын сақтауды, оларды тәрбиелеудi және дамытуды, жастарды әлеуметтiк қорғауды, бейiмдеудi және оңалтуды қамтамасыз ету жөнiндегi басқа да қызметтер көрсетуге бағытталған.
       2. Жас отбасыларын дамытуға қолайлы жағдайлар жасау мақсатында мемлекеттiк қолдау:
       1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жас отбасыларына жеңiлдiктi кредиттер беру;
       2) оқу орнының әкiмшiлiгiмен келiсiм бойынша бiлiм алушылар болып табылатын жастар арасындағы ата-аналар үшiн оқу сабақтарына еркiн қатысуға, баланың бiр жарым жасқа толуы кезеңiне академиялық демалыс алуға құқық беру;
       3) отбасылық өмiрдiң проблемалары, жас отбасылардың психологиялық-педагогикалық, құқықтық және басқа да мәселелерi бойынша консультация беру жүйесiн дамыту;
       4) әлеуметтiк қызмет көрсетулер, әлеуметтiк көмек ұсынатын коммерциялық емес ұйымдардың жүйесiн дамыту;
       5) балалар мен жастардың жазғы демалысы мен сауықтырылуын ұйымдастыру жүйесiн сақтау және дамыту;
       6) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен жас отбасыларына жоғары оқу орындары мен орта бiлiмнен кейiнгi бiлiм беру ұйымдарында оқу кезеңiнде бiлiм беру ұйымының жатақханасында бөлмелiк үлгiдегi тұрғын үй-жай беру;
       7) мемлекеттiк мектепке дейiнгi ұйымдардың жүйесiн дамыту арқылы жүзеге асырылады.
Ескерту. 10-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2007.07.27. N 320 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн  2-баптан қараңыз) Заңымен.

11-бап. Талантты жастарды мемлекеттiк қолдау

      1. Қоғамның зияткерлiк және шығармашылық әлеуетiн сақтау және дамыту, Қазақстан Республикасының ғылыми, мәдени дәстүрлерiнiң сабақтастығын қамтамасыз ету мақсатында жастардың талантты және дарынды өкiлдерiн қолдау және олардың жемiстi қызметi үшiн жағдайлар жасау жөнiндегi шаралар жүйесi жүзеге асырылады.
       2. Талантты жастарды мемлекеттiк қолдауды Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары көрсетедi және ол:
       1) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен талантты жастар үшiн сыйлықақылар, стипендиялар белгiлеу, бiлiм беру гранттарын беру;
       2) ғылымның, мәдениет пен өнердiң аса көрнектi қайраткерлерiнiң шығармашылық шеберханаларын, мектептерi мен бiрлестiктерiн құруға жәрдемдесу;
       3) орта бiлiм беретiн ұйымдарда спорт секциялары мен шығармашылық үйiрмелердiң қызметiн ұйымдастыру;
       4) аса дарынды және талантты жастарды анықтау жөнiндегi орталықтарды құру және дамыту;
       5) жастардың шығармашылық жетiстiктерiн анықтау және тарату мақсатында конкурстар, көрмелер, фестивальдар, байқаулар, концерттер, симпозиумдар, оқулар, конференциялар мен семинарлар ұйымдастыру және өткiзу арқылы, халықаралық жастар алмасуларын ұйымдастыру;
       6) дарынды және талантты жастардың шетелдердiң бiлiм беру және ғылыми-зерттеу ұйымдарында оқыту, қайта даярлау және тағылымдамадан өту бағдарламаларына конкурстық негiзде қол жеткiзуiн қамтамасыз ету;
       7) ғылыми-мәдени жұмысты жүргiзу үшiн жас ғалымдарға, мәдениет, өнер мен бiлiм қайраткерлерiне жағдайлар жасау, жас ғалымдардың әзiрлемелерiн нақты қолданысқа енгiзуге жәрдемдесу, сондай-ақ жастар арасынан шыққан зияткерлiк кадр ресурстарын сақтау және дамыту;
       8) спорт мектептерiнiң, клубтарының желiсiн дамыту, спортта дарынды жас спортшыларды қолдау, жастар арасында спорт жарыстарын өткiзу;
       9) талантты жастарға қолдау көрсететiн жеке және заңды тұлғаларды моральдық көтермелеу арқылы жүзеге асырылады.
Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2007.07.27. N 320 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн  2-баптан қараңыз) Заңымен.

12-бап. Жастардың халықаралық ынтымақтастығына жәрдемдесу

      1. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары халықаралық жастар ынтымақтастығына:
       1) халықаралық жастар алмасулары туралы келiсiмдердi жасасу және iске асыру, жастарды халықаралық бағдарламалар жүйесiне енгiзу;
       2) жастардың халықаралық ынтымақтастығы саласында халықаралық жастар алмасуларының ұйымдастырушылары мен қатысушыларына ақпаратты алуға, құжаттарды әзiрлеуге және әрiптестердi iрiктеуге көмек көрсету жолымен жәрдем көрсетедi.
       2. Жастардың халықаралық ынтымақтастығына жәрдемдесу Қазақстан Республикасының заңдары негiзiнде жүзеге асырылады.

3-тарау. Мемлекеттiк жастар саясатын қалыптастыру және iске асыру

13-бап. Мемлекеттiк жастар саясатын қаржымен  қамтамасыз ету

      1. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк жастар саясаты:
       1) республикалық және жергiлiктi бюджеттер қаражаты;
       2) жеке және заңды тұлғалардың ерiктi мүлiктiк жарналары;
       3) Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де көздер есебiнен қаржыландырылады.
       2. Республикалық және жергiлiктi бюджеттерде мемлекеттiк жастар саясатын iске асыру үшiн жыл сайын қаражат көзделедi.
       Қаржы қаражатының есептiк көлемi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттiк жастар саясаты саласындағы бағдарламаларды iске асыру үшiн қажеттi материалдық және қаржылық ресурстарды есепке ала отырып айқындалады.
       3. Мемлекеттiк жастар саясатын iске асыру шеңберiндегi iс-шараларды қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс нысанында жүзеге асырылуы мүмкiн.

14-бап. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк жастар саясатын қалыптастыруға және iске
               асыруға жастардың қатысуы

      1. Жастар Қазақстан Республикасында мемлекеттiк жастар саясатын қалыптастыруға және жүргiзуге қоғамдық жағынан маңызды бастамаларды iске асыру, орталық және жергiлiктi атқарушы органдарға өтiнiш жасау, жастар ұйымдарының аталған органдармен өзара iс-қимыл жасауы арқылы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де нысандарда қатысады.
       2. Мемлекеттiк жастар саясатын iске асыру жөнiнде жастардың, жастар ұйымдарының мемлекеттiк органдарға енгiзетiн ұсыныстарын мемлекеттiк органдар өз өкiлеттiктерiне сәйкес және Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған тәртiппен қарайды.
       Егер аталған ұсыныстарды қарау үшiн қаржы қаражатының есебi, ақпарат жинау, құжаттардың жобаларын әзiрлеу қажет болған жағдайда мемлекеттiк органдар ақпараттық көмектi жүзеге асырады және аталған ұсыныстарды енгiзген жастар мен жастар ұйымдарының уәкiлеттi өкiлдерiмен консультациялар жүргiзедi.
       3. Мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк жастар саясатын қалыптастыру және iске асыру саласында консультациялар мен iс-қимылдарды үйлестiру үшiн жастар ұйымдарын олардың келiсiмiмен тартуға құқылы.
       Жастар ұйымдары мемлекеттiк жастар саясаты саласындағы мемлекеттiк және өңiрлiк бағдарламалардың iс-шаралар жоспарлары шеңберiнде белгiлi бiр жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету мақсатында мемлекеттiк органдармен ынтымақтасуға, ал олардың уәкiлеттi өкiлдерi мемлекеттiк жастар саясатын iске асыру жөнiндегi консультациялық-кеңесшi органдардың құрамына кiруге құқылы. Аталған мақсаттарды iске асыру үшiн консультациялық-кеңесшi органдар құрылуы мүмкiн.
       4. Жастарды мемлекеттiк жастар саясатын қалыптастыруға және iске асыруға тарту мақсатында уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының жастар ұйымдарымен бiрлесе отырып, екi жылда кемiнде бiр рет жалпы республикалық Қазақстан жастары форумын - Қазақстан Республикасының жастары мен жастар ұйымдарының уәкiлеттi өкiлдерiнiң форумын шақырады.
       Жалпы республикалық Қазақстан жастары форумын өткiзу тәртiбi, өкiлдiк нормалары уәкiлеттi орган мен Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанындағы мемлекеттiк жастар саясатын iске асыру жөнiндегi консультациялық-кеңесшi органының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн жалпы республикалық Қазақстан жастары форумы туралы ережемен белгiленедi.
       5. Жалпы республикалық Қазақстан жастары форумы өз құзыретi шегiнде жастарға үндеу қабылдай алады, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк жастар саясатын қалыптастыру және iске асыру туралы ұсынымдар әзiрлей алады.

15-бап. Жастарға арналған әлеуметтiк қызметтер

      1. Қазақстан Республикасында жастарды әлеуметтiк қолдау мақсатында әлеуметтiк қызметтер жұмыс атқарады.
       2. Әлеуметтiк қызметтер жұмысының бағыттары:
       1) психологиялық-педагогикалық, медициналық-әлеуметтiк, заңдық көмектi жүзеге асыру және кәмелетке толмағандар мeн басқа да жастар өкiлдерiне консультациялар беру;
       2) өздерiнiң тәни кемiстiктерiне байланысты ерекше қолайсыз жағдайларда қалған адамдарға әлеуметтiк көмек;
       3) жас отбасыларына әлеуметтiк көмек;
       4) еңбек және оқу ұжымдарында жастарды құқықтық қорғау;
       5) мiнез-құлқы девиантты кәмелетке толмағандарға, қадағалаусыз және панасыз қалған кәмелетке толмаған азаматтарға әлеуметтiк көмек;
       6) жастар арасындағы бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, сондай-ақ арнаулы тәрбиелеу мекемелерiнен оралған адамдарды, нашақорлықтан, уытқұмарлықтан, маскүнемдiктен емдеуден өткен адамдарды, адамның иммунитет тапшылығы вирусын жұқтырған және ЖҚТБ-мен ауыратын адамдарды әлеуметтiк қалпына келтiру (оңалту);
       7) құқықтық насихат, жастардың жұмысқа орналасу, бiлiм беру және кәсiптiк даярлау, бос уақытын өткiзу, туризм және спорт салаларындағы құқықтарын iске асыру мүмкiндiгi туралы оларды хабардар ету;
       8) жастардың тұрғылықты жерi бойынша бос уақытын мазмұнды өткiзуiн ұйымдастыру, соның iшiнде жасөспiрiмдер мен жастардың аула клубтарын ашу мен қолдау және жастарға көмек көрсету жөнiндегi басқа да функциялар;
       9) жастардың жұмысқа орналасуына және жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу болып табылады.
       3. Жастарға арналған әлеуметтiк қызметтер жұмыстарын қаржыландыру мемлекеттiк жастар саясатын iске асыру үшiн көзделген мемлекеттiк бюджет қаражатының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының  заңдарында тыйым салынбаған өзге де көздердiң есебiнен жүзеге асырылады.
       4. Әлеуметтiк қызметтердiң жастарға арнап мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен қаржыландырылатын қызметi шеңберiнде көрсететiн әлеуметтiк қызмет көpceтулеpi тегiн ұсынылады.

16-бaп. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк жастар  саясатын ақпараттық қамтамасыз ету және ғылыми  негiздеу

      1. Мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк жастар саясатын ақпараттық қамтамасыз ету, денсаулығын сақтауға, бiлiм алуға, әлеуметтiк қызметке, кәсiптiк бағдар алуға, жұмысқа орналасуға, демалуға, әлеуметтiк оңалуға, жас отбасыларын қолдауға құқықтарын iске асыру мүмкiндiктерi туралы, жастар ұйымдарымен ынтымақтастық нысандары және Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк жастар саясаты саласындағы басқа да құқықтарды iске асыру туралы жастарды хабардар ету жөнiндегi қызметтi жүзеге асырады.
       Бұл мақсатта жастарға арналған ақпараттық жүйелердi, ақпарат орталықтарын құру арқылы жастарға ақпараттық қызмет көрсетудi кеңейту үшiн жағдайлар қамтамасыз етiледi, бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерiмен ынтымақтастық жүзеге асырылады.
       Мемлекеттiк органдар жастарды, жастар ұйымдарын мемлекеттiк жастар саясатын iске асыру жөнiндегi жоспарланатын және жүзеге асырылатын iс-шаралар туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардар етуге мiндеттi.
       2. Мемлекеттiк органдар өз құзыретiне сәйкес Қазақстан Peспубликасындағы мемлекеттiк жастар саясатының проблемалары бойынша ғылыми-зерттеулер ұйымдастырады. Аталған зерттеулер ұзақ мерзiмдiк негiзде жүзеге асырылады және Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк жастар саясаты саласындағы мемлекеттiк және өңiрлiк бағдарламаларды әзiрлеу кезiнде ескерiлетiн мiндеттi шарт болып табылады.
       3. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк жастар саясаты саласындағы зерттеулердiң нәтижелерi негiзiнде уәкiлеттi орган жыл сайын Қазақстан Республикасындағы жастардың жағдайы туралы баяндаманы әзiрлеп, Қазақстан Республикасының Yкiметiне табыс етедi және оны бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.
       Қазақстан Республикасындағы жастардың жағдайы туралы баяндаманы орталық және жергiлiктi мемлекеттiк органдар өз құзыретi шегiнде тиiстi шешiмдер қабылдау үшiн қарайды.

17-бап. Жастарға арналған әлеуметтiк инфрақұрылым

      1. Мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жастарға арналған әлеуметтiк инфрақұрылым объектiлерiн құруды және оның жұмыс iстеуiн қамтамасыз етедi.
       2. Мемлекеттiк органдардың жастарға арналған әлеуметтiк инфрақұрылым объектiлерiнiң арнаулы мақсатын өзгерту туралы, тарату туралы шешiмдердi қабылдау тәртiбi жастардың тiршiлiгiн, бiлiм алуы мен тәрбиесiн, дене тәрбиесiн, рухани және имандылық жағынан дамуын қамтамасыз ету үшiн мұндай шешiмдердi қабылдаудың салдарын тиiстi мемлекеттiк органның немесе органдардың арнайы құрылған сараптама комиссиясының бағалауы жөнiндегi iс-шараларды көздейдi.
       3. Мемлекеттiк меншiк мүлкi болып табылатын, құрылуы, сатып алынуы немесе оқшауландырылуы жастарға арналған әлеуметтiк инфрақұрылым объектiлерiнiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз етуге байланысты болатын мүлiк (соның iшiнде жер учаскелерi, үйлер, құрылыстар, ғимараттар, жабдық) аталған мақсаттарына ғана сәйкес пайдаланылуы мүмкiн.
       Егер туындаған мән-жайларға байланысты аталған мүлiктi жастарға арналған әлеуметтiк инфрақұрылым объектiлерiнiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету мақсатында пайдалану мүмкiн болмаса, оны өзге мақсаттарда пайдалану туралы шешiмдi тиiстi уәкiлеттi мемлекеттiк орган жастарға арналған әлеуметтiк инфрақұрылым объектiсiнiң шығынын өтеуге бағытталған шараларды алдын ала қолдану шартымен қабылдайды.
       4. Мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен жастар ұйымдарына үйлердi, ғимараттарды және олардың жарғылық мақсаттарын жүзеге асыру үшiн қажеттi өзге де мүлiктi өтеусiз пайдалануға беруге құқылы.
       5. Жастарға арналған мемлекеттiң меншiгiндегi әлеуметтiк инфрақұрылым объектiлерiнiң жұмыс iстеу тәртiбi, оны материалдық және қаржылай қолдау шаралары Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалады.

4-тарау. Қорытынды ережелер

18-бап. Мемлекеттiк жастар саясаты туралы Қазақстан  Республикасының заңдарын бұзғаны үшiн  жауаптылық

      Мемлекеттiк жастар саясаты туралы Қазақстан Республикасы заңдарының бұзылуына кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

19-бaп. Қазақстан Республикасының заңдарын қолдану

      Осы Заң күшiне енген кезде қолданылатын Қазақстан Республикасының заңдары оған қайшы келмейтiн бөлiгiнде қолданылады және ол қолданысқа енгiзiлген күннен бастап бiр жыл iшiнде соған сәйкес келтiрiлуге тиiс.

20-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

      1. Осы Заң, 2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 6-баптың 5) тармақшасын қоспағанда, ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
       2. Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:
       1) "Қазақ ССР-iндегi мемлекеттiк жастар саясаты туралы" 1991 жылғы 28 маусымдағы Қазақ ССР-iнiң Заңы (Қазақ CCP Жоғарғы Советiнiң Ведомостары, 1991 ж., N 28, 377-құжат; Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1994 ж., N 9-10, 158-құжат; 1995 ж., N 20, 120-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., N 13-14, 205-құжат);
       2) Қазақ ССР Жоғарғы Советiнiң "Қазақ CCP-iндегi мемлекеттiк жастар саясаты туралы" Қазақ CCP Заңын күшiне енгiзу туралы" 1991 жылғы 28 маусымдағы қаулысы (Қазақ ССР Жоғарғы Советiнiң Ведомостары, 1991 ж., N 28, 378-құжат).

Қазақстан Республикасының
       Президентi


Прокомментировать
  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Введите код с картинки:* Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив